Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап…
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап…

Біреудің мақтауынан да, даттауынан да көңілі, жан сарайы зәредей де әсерленбейтін пенде бола ма? Немесе ондай кемел деңгейге жету мүмкін бе? Мүмкін. Бірақ қиын. Ол үшін өзіңнің кім екеніңді, қайдан пайда болғаныңды (бір тамшы судан), қайдан шыққаныңды, қабірде неге айналатыныңды (Абайша айтсақ «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы, болады онан сасық өлсе тағы») білуің керек. Өзіңнің әлсіз, әлжуаз пенде екеніңді мойындауың қажет. Бойдағы бар қабілет, ерекшеліктердің Раббың тарапынан өзіңе тегін тарту етілгенін сезінуің ләзім. Ондай деңгейге жету өмірдегі әрбір жетістік, артықшылығыңның Алла тарапынан берілгендігін ұғумен, барлық мақтау, мадақтың Жаратқанға ғана лайық екенін түюмен болады.

 

Ал мақтаудан әсерленбедің делік. Даттаудан ше? Ол одан да қиын. Тағы да әсілінде кім екеніңді білуге тиіссің. Бүкіл әлем саған мақтауынан айтып, мадағын төксе, бірақ Аллаң разы болмаса, үйіп-төгілген сонша мадақтан саған не пайда, не қайыр?! Бүкіл әлем сені даттап, ал Жаратқан Иең саған риза болса, онда олардың даттауынан саған не зиян! Міне осыны көкейіңе бекетсең болғаны. Пенделер Аллаға да тіл тигізген, Пайғамбарды да балағаттаған, небір игі-жақсыларды да сыбап алған. Сонда мен олардан артықпын ба десең тәмам болғаны. Тіпті сенің адресіңе айтылған әрбір даттаудың әйтеуір бір қырынан рас екенін мойындап, нәпсіңе қабылдата білсең, тіптен тамаша! Яғни, өзіңді ақтауды емес, сол даттың саған сай келетін жағын ізде! Барлық жетілген кемел тұлғалар солай істеген. Мұны әз сахабалардың өмірінен жиі кездестіруге болады. Олар үнемі өздеріне көңілдері толмаған. Әбу Бәкір де, Омар да, Айша да (Алла ол кісілерден разы болсын) үнемі өздеріне «осы мен екі жүзді емеспін бе» деп күмәнмен қараған. Үздіксіз күрес, қажырлы қайрат, мағрифатқа ден қою, жүрек іліміне бойлау арқылы «әсерлену» кеселінен айығуа болады. Бірақ бұл екінің бірі жететін оңай шаруа, әншейін қалпақпен ұрып ала салатын жеңіл дүние емес. Жеттім дегенің құрыдым дегенің. Өзіңе көңілің толмаса, ол сенің жеткенің.

 

Тұрсынжан Шапай ағамыздың «Шын жүрек — бір жүрек» кітабын оқып отырып мына бір мағыналы хикаяны кездестірдім. Соны сіздермен бөлісейін.

 

«В Соловьев көне діни кітаптан бір әңгімені келтіреді. Әйгілі тақуаға жас монах іздеп келіп, жетілудің жолын сұрайды.

 

– Бүгін түнде, – дейді шал, бейіт басына бар да, өлгендерді таң атқанша мақта. Сосын маған келіп, олардың не дегенін айтарсың.

 

Жігіт келесі күні:

 

– Айтқаныңызды түгел орындадым. Түні бойы өлгендерді мақтадым. Әулиесіңдер бәрің дедім, құдайдың сүйген құлысыңдар дедім, даналықтың бұлағы, жердің құты, ғаламның шамшырағы — сендерсіңдер дедім. Қасиетті кітаптардан оқыған, білген бар жақсылықты соларға таңдым,— дейді.

 

– Хош… Сонымен олар саған ризашылдығын не деп білдірді?

 

– Қайдағы ризашылық? Дым да деген жоқ, үнсіз қалыптарында қала берді…

 

– Бұлары қызық екен,-дейді шал. Енді сен былай істе, балам. Осы түні сол барған жеріңе тағы бар да, өлгендерді таң атқанша боқта, шамаң келгенше, тілің жеткенше сыбап сал. Көрейін сонда қалай үнсіз қалғандарын!

 

– Масқарасын шығардым бәрінің, – дейді жігіт келесі күні шалға қайтып келіп. Дінсізсіңдер бәрің дедім. Қарғылы төбетсіңдер, сайтанның ыдысысыңдар дедім. Бауырын өлтірген Қабыл, құдайын сатқан Иудасыңдар дедім. Адам баласы білетін барша жаманшылықты солардың басына үйіп-төктім…

 

– Иә, не болды сонымен? Олардың қаһарынан қайтіп құтылдың?

 

– Қайдағы қаһар? Тырс етіп үн қатпады, шіркіндер. Тіпті, моланың үстіне жата қалып, тың тыңдадым… мізбақпайды!..

 

– Көрдің бе? – депті шал. Сен бұл дүниедегі жетілгендіктің шыңына дәл сол өліктердей мақтау мен боқтауға мізбақпайтын болғанда ғана жетесің!..»

jannur kokebaevajannur kokebaeva
9 лет назад 9620
4 комментария
  • С.а. Меним тусингеним, биз ешкашан камил адам дарежесине жетпеймиз, типти мумкин емес!!! Ана монах айтпакшы, тек олгенде жетемиз, ким не айтса барибир болады сол кезде :) Сосын Мусылмандарга баска диннен хайыр издеу дурыс емес, Аллах бизге Дин ретинде Исламды бергеннен кейн. Я в том плане, что Вы привели пример из жизни какого то монаха немусульманина... брррр
    9 лет назад
    • Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да, иемденіп алсын» деген.
      9 лет назад
  • Ол монахтын айтқаны дұрыс ақ.. бірақ бұл айтылған исламға дейінба. алде исламнан кейінба бір Аллахка мəлім
    9 лет назад
  • Сиз байкаман сияктысыз, ангименин ишинде Кудайын саткан Иуда деген ангиме бар, Иса а.с. ды айтып тур гой Кудай деп, хаша... Кай кайдагы ангимени таратканша, ундемей журген дурыс...
    9 лет назад
О блоге
0
17156 122 276 373 130