Ғибрат...
Ғибрат...

Әженің насихаты

Қарт әже қаладағы баласының үйіне 3-4 күнге қонаққа келген еді. Күн ауа бастағанда келіні залдағы отырған апасы мен немересіне: «Келіңіздер тамақ дайын, суытпай ішіп алыңыздар!» - дейді. Бала әжесінің әлі отырғанын байқап: «Әжетайым, жүріңіз тамақ ішейік!»- дейді. Әжесі ренішті халде: «Үйдің еркегі келмей тұрып дастарханға отыру дұрыс емес. Қазір әкең келсін, бірге отырып ішеміз»- дейді. Келіні: «Апа, ол бұрыннан қалған әдет, қазір қарны ашқан адам дастарханға отырып, тамағын жей береді!»- дейді. Әжесі: «Қызым, адамдардың әдебі, ар-намысы болатынындай, үйлердің де әдеп-тәртібі болады»-дейді. Бұл сөз өзіне ерсі көрінген немересі мырс күліп: «Әжетайым, үйлердің әдебі қандай болады екен? Бізге айтып берсеңізші онда!»-дейді. Әжесі сөзді бастайды: «Біз кешкентай кезімізде аналарымыздан бұрын әкелеріміздің қасында әдепті болуды үйренетін едік. Үйде әкеміз, анамыз бар кезде аяғымызды созып отырмайтын едік және үлкендер сөйлеп жатқанда бізге сөз кезегі берілмейінше сөзге араласпайтын едік. Үлкендер үйге кірген кезде дереу орнымыздан тұрып, оларға орын беретін едік. Ешқашан әкемізден бұрын дастархан басына отырмайтын едік. Әкеміз келіп, тамақты «Бисмилләһпен» бастап «Қане тамақтан алыңдар» деген кезде ғана бастайтын едік. Астан кейін дастархан дұғасын кезектесіп оқитынбыз. Ешбір тамақ, отбасыңмен бірге отырып жегендей болмайды. Бүкіл осы нәрселер дастарханның әдебі болып саналады, балам!» - дейді. Немересі: «Әжетай, осыншама қысымнан стреске түспейтін бе едіңіздер?»-деп сұрайды. Әжесі: «Жоқ, бұл қысым емес, бұл бір-бірімізге деген сый-құрмет болғандықтан өзара сүйіспеншілігіміз қуатты болатын. Бір-бірімізге деген махаббат болғандықтан бұдан ешкім стреске түспейді.

 

Тағамдар дәмді, ұйқылар тынық болатын. Сенесің бе? Мен алғаш рет «стресс» сөзін осы жерде естідім. Біздің ауылымызда ақыл-есінен айрылған бір кісі бар еді. Барлығы оны жынды дейтін. Тіпті ол да өмірінен бақытты еді. Оның өміріне ризалығы соншалық, айтып түсіндіре алмаймын. Кешке дейін көшеде балалармен ойнайтын. Қарны ашқан кезде кез-келген үйдің есігін қағып: «Менің қарным ашты, жейтін нәрсе беріңдерші!» -дейтін. Қай үйге кірсе де қолы бос шықпайтын. Шашы өсіп кеткенде бір шаштараз шашын алып, моншашы жуындырып қоятын. Жұма күндері қолынан ұстап, намазға да ертіп апаратын. Яғни ешкім оны шеттемейтін. Қазір болса ешнәрсеге құрмет көрсетілмейді. Қараңдар бұл қалада тіпті үйлерге де құрмет көрсетілмейді! Кеш батқанда ешкім үйлерінің перделерін жаппайды, үйлерінің іші көрініп тұрғанынан ешкім ұялмайды. Ал біз қараңғы түспей тұрып-ақ қалың перделерімізбен жауып, содан соң үйдің жарығын қосатын едік. Киім ауыстырар кезде тіпті перделер жабық болса да ұяттылығымыздан жарықты сөндіріп, жерге отырып ауыстыратын едік. Сырттан қарағанда көлеңкеміздің көрінетінін ойласақ жүзімізден от шығардай қызарып кетер едік»-дейді. Сол мезетте келіні орнынан тұрып, залдың пердесін жабады. Әжесі: «Үйдің әдебі пердесінің жабылып, жабылмағанынан белгілі болады»-деп айтатын аталарымыз. Үйлер биік-биік дуалдармен қоршалған болса да жуылған іш киімдерін аулаға іліп қоюға үйіндегі адамдардан ұялатынбыз. Ешкім ауланың ортасына іш киімдерін жайып қоймайтын. Бір күні әлі жас кезімде іш киімімді ең бірінші жіпке іліп қойыппын. Кейін анам келіп: «Ей қызым, бүгін әкең аулаға шығып сенің жайылып тұрған іш киіміңді көргенде ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Бұдан былай іш киімдеріңді бірінші жіпке ілме, ең соңындағы жіпке іліп, үстінен жұқа матамен жауып қой, астындағы киімің көрінбесін! Әдебімізден, ар-намысымыздан айрылсақ, иманымыздан да айрыламыз!»-деген еді.

 

Мен ол кезде 12 жасар едім. Анамнан бұл сөздерді естіген кезімде ұялғанымнан өзімді қоярға жер таппадым. Қазір ондай әдеп қалмаған сыңайлы. Кеше таза ауа алайын деп балконға шықсам, қарсыдағы көрші іш киімдерін балконына жайып қойыпты. Мен мұны көріп, ұялғанымнан үйге кіріп кеттім. Қазіргі күнде көбісі көшеде тамақтанады. «Көз ақысы» деген нәрсе бар. Адамдар базардан алған заттарын іші көрініп тұратын пакеттерге салып, үйіне алып келеді. Бұл заттарды алуға жағдайы келмейтін адамдар бар, көз ақысы өтеді, қызғаншақтық, көре алмаушылық пайда болады. Бұған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Әркімнің көзі түскен мұндай тағамдарда шипа болмайды. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уәсәлләм: «Жасаған тағамдарыңның иісімен көршілеріңді мазаламаңдар» деген. Қазіргі таңда адамдар тағамдардың иістерін мүңкітіп, оларды баршаға көрсету арқылы айналадағы адамдардың мазасын алады. Әрине әлгі желінген тағамдардан азапталады. Кейін «стресс» деп дәрігерлерге барады. Үйдің тағы бір әдебі бар, ең маңыздысы да осы болса керек. Үйдің ішінде болып жатқан ұрыс-керістер, әртүрлі жағдайлар сыртқа шықпауы тиіс. Бұл да үйдің әдептерінен бірі болып саналады. Сондықтан бұрын келеңсіздіктер үйдің ішінде оңай шешілетін еді. Онсызда сүйікті пайғамбарымыз әсіресе ерлі-зайыптылардың арасында болатын ұрыс-керістерді сыртқа жаюдың үлкен күнә екендігін қаншама рет айтқан, солай емес пе Айсұлу!- деп келініне қарайды. Келіні ұялғанынан: «Иә анашым»- деп жауап береді. Немересі: «Әжетайым, қазір фэйсбук, инстаграм деген нәрсе шыққан. Адамдар барған кафелерінде жеген тағамдарын суретке түсіріп, мыңдаған достарына көрсетеді!»-дейді. Әжесі: «Не деген сұмдық. Адам жеген тағамдарын көрсете ме?»-дейді.

 

Немересі: «Әжетайым, сосын әрбір әрекеттерін суретке түсіреді. Қыдырған жерлерін, жеген тағамдарын, ішкен сусындарын, сатып алған киім-кешектерін де суретке түсіріп, достарымен бөліседі» -дейді. Әжесі: «Балам, не айтып тұрсың? Қиямет қайым басталды десеңші» деп көзжастарын сүртіп, сөзін жалғастырады: «Біз күйеуіміздің жанында жүруге ұялатын едік. Қаншама жесір қалған әйелдер, тұрмыс құра алмаған қыздар бар. Олардың көңіл жараларына тұз баспайық, деп ерімізден бір қадам артта жүретін едік. Қазір ұрыс-керіс те, жақсы көру де адамдардың көз алдында болуда. Әрине құпиялық қалмаған соң, адалдық та қалмайды. Үйдің берекесі - үлкендерге құрмет көрсетуде. Үйдің әдебі – жабылған перделерде. Махаббаттың әдебі – жасырын болуда, көздің әдебі – көздің қабақтарында. Дененің әдебі – оранған, киінген болуында. Ал ұят – иманнан. Мен сендерге анамның айтып берген бір ғибратты оқиғасын айтып берейін. Негізінде бұл бір хадис құдси: «Аллаһу та’ала Адам алеһиссаламды жаратқан кезде Жәбірейіл алейһиссалам оған үш сыйлық алып келеді. Ілім, ұят және ақыл. Аллаһу та’ала оған: «Ей Адам! Осылардан қалағаныңды таңда!»- дейді. Адам алейһиссалам ақылды таңдайды. Жәбірейіл алейһиссалам ұят пен ілімге орындарына қайтуын әмір етеді. Сонда ұят пен ілім былай деп жауап береді: «Біз рухтар әлемінде бірге едік. Бір-бірімізден ешқашан айрылмаймыз. Рухтар денелерге кіргеннен кейін де бірге боламыз. Ақыл қайда болса біз де сондамыз»-дейді. Жәбірейіл алейһиссалам: «Олай болса орындарыңа орналасыңдар!» - деп әмір еткен кезде, ақыл миға, ілім көңілге (жүрекке), ал ұят көзге орналасады.» Осы хадис құдсиде де айтылғандай ұяттың орны - көз. Сондықтан әрі көзімізді қорғау керек, әрі көзге түсетін нәрселерді де бақылауда ұстау керек» -дейді. Келіні: «Дұрыс айтасыз анашым, біз әдебімізді жоғалтқандықтан қиыншылықтарға тап болдық»-дейді. Немересі қасығын жай қойып: «Мен тамақты әкем келгенде ішемін анашым!»-дейді. Әжесі де айтқан сөздерінің балаларына әсер еткендігін көріп, Аллаһқа шүкір етті.

jannur kokebaevajannur kokebaeva
9 жыл бұрын 4336
1 пікір
  • қандай керемет,бəрін де ұмытыппыз,білсек те жасамаппыз,осындай əжелер көп болсыншы,сондай дана қарияларға мұқтажбыз!Аллаһым мені де сондай қариялардан етші!
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
17156 122 276 373 130