Шырағым, балам..
Шырағым,  балам..

Иман дегеніміз — әдеп. Сондықтан, мінез-құлқыңды түзе. Дауысыңды көтермей, айқайламай, сыпайы сөйле.

 

Берген уәдеңді орында! «Жігіттің екі сөйлегені өлгені» дейді қазақ! Еш уақытта өтірік айтпа! Шындық шырылдап шыңға жетемін дегенше, өтірік өртеп бітеді.

 

Ата-анаңды құрметте, жылы шыраймен қара, жылы сөйле, ризашылығына ие бол, ақ батасын ал. Олардың қасында дауысыңды көтерме. Әке-шешеңді — Мекке мен Мәдинаға үш рет алып барып, келсең де перзенттік борышыңнан құтыла алмайтыныңды білгейсің.

Бауырларыңды қадірлей біл. Жалғыз ағаш — бау болмас, жалғыз адам — ел болмас. Туыстарыңмен етене аралас.

 

Дос–жараныңа адал бол, «Досым екен» деп сырыңды айта берме. Күндердің күнінде қас болмауын қайдан білесің?! «Дұшпаным екен» деп, көкіректен итерме. Басыңа іс түскенде жаныңнан табылмасына кім кепіл?! Досыңа да, қасыңа да, сырыңды алдырма. Өзгені өзіңдей көр, көңілі қалар сөз айтпа, абайлап сөйле. 

 

Үйіңе келген қонағыңды күтуге асық, адамды алалама, құшағыңды жая қарсы ал, ақ дастарханыңнан бұйырған несібесін бер. «Жапалақ жасырып жейді, сұңқар шашып жейді» деген. Пейілің кең болса, Жаратушым жеткізеді.

 

Өмір қысқа, сынақтамыз, дүние жалған. Сондықтан, жылтыраққа құмар болма! Біреудің байлығына қызықпа, қызғанба! Оған оны Аллаһ берген.

 

Әр ісіңде әділ бол! Ер адамның сөзін сөйле. Салауатты, сауапты істер істеуге бейім бол, ынталан! Ғайбат айту, екі-жүзділік абыройыңды айрандай төгеді.

 

Қандай жағдайда болсаң да Жаратушы Иеңді ұмытпа! Себебі, Ол сені жаратты. Қалағанына бақ беріп, абыройлы, не абыройсыз да ететін тек жалғыз Аллаһ! Жақсылық та, жамандық та Жаратушыдан. Бәрі өзіңнің мінез-құлқыңа, жүріс-тұрысыңа байланысты.

 

Қарағым, балам! Сенің досың да, дұшпаның да — тілің екенін әрқашан есіңде сақтағайсың!

jannur kokebaevajannur kokebaeva
9 жыл бұрын 7138
0 пікір
Блог туралы
0
17156 122 276 373 130