Сәлемдесу үлгісі
Сәлемдесу үлгісі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғраждан үмбетіне тоғыз қасиетті зат әкеліпті. Олар: жастық, жайнамаз, бөрік, шапан, орамал, намаз, дастархан, Құран, сәлемдесу үлгісі екен. 

Пайғамбар миғражға көтерілгенде алдынан періштелер шығып: 

– Ассалаумалейкум, әлемнің рақымы! – деп сәлем береді. 

– Уалейкумсалам! – деп жауап береді. Мұндағы «ассалаумалейкум» сөзі «Алланың нұры жаусын, бар жақсылықты нәсіп етсін» деген мағынаны береді. «Уалейкумсалам!» – деп сәлемін қабыл алғанда, «Саған да Алланың сәлемі мен игілігі болсын» деген тілек айтылады. 

Ұлық Алла миғражда пайғамбарға: 

– Үмбетіңе сәлемді парыз етемін. Бір-біріне сәлем берсін. Кім көп сәлем берсе, менің нұрым мен рақметіме бөленеді, – дейді. Пайғамбар миғраждан келген соң, үмбетіне Алланың сөзін жеткізіпті. 

Екінші бір аңыздарда Ібіліс жаңадан жолыққан екі адамның арасына от салуға дайын тұрады екен. Олар: «Ассалаумалейкум!» – деп сәлемдессе, Ібілістің жоспары күйрейді екен. 

Әлімсақта Алла Адам атаға: 

– Періштелерге «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бер, – дейді. Адам ата оларға сәлем береді. Періштелер: 

– Уағалейкумуссалам, Алланың халифасы, – деп сәлемін қабыл алады. Сол кезде Ұлық Алладан әуез келіп: 

– Әй, Адам, бұдан былай сәлем беру ұрпағыңа үлгі болсын, – дейді. 

Адам ата мен періштелердің алғашқы сәлемдесуі адамзатқа өнеге, дәстүр болып орныққан екен . 

Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» деген естелік кітабында сәлем беру дәстүрі жайлы былай деп жазады: 

«... Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жанбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен... Әкем дастархан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да, құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?!» – деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: – «Ассалаум алейкум, аталар!» – деп әр сөзімді қадап-қадап айттым. Бұған, әрине, бәрі күлісіп жатыр. Әйткенмен, мені араз етіп алмау үшін бәрі де бір ауыздан: – «Уалейкум салам!» – десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғастым. Ол басымнан сипап отырып: 

– «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді», – дейтін .

jannur kokebaevajannur kokebaeva
10 лет назад 8699
2 комментария
О блоге
0
17156 122 276 373 130