Өзгелерден дәрежеңнің артық болуын қаласаң...
Өзгелерден дәрежеңнің артық болуын қаласаң...

Әйгілі сахаба Абдулла ибн Аббастың (оған Алла разы болсын) Ата ибн Әби Рабах атты асқан білімді шәкірті болады. Ғалымдар Ата туралы: «Егер де ұсқынсыздар арасында байқау өтсе, Ата ибн Әби Рабах бірінші орын алар еді» деген пікір де айтқан екен. Себебі, ол меккелік бір әйелдің құлы болатын және сыртқы бейнесі қара реңді, мұрыны пұшық, бір қолы сал, аяғы ақсақ, көзі соқыр деп суреттеледі. 

Алайда, ол өзінің білімінің арқасында өте абыройлы, өзгелерге сыйлы өмір сүреді. Ата ибн Әби Рабах қажылық мәселесі бойынша мүфти дәрежесіне дейін көтеріледі. Қалада қажылық туралы одан артық білетін ешкім болмады. 

Бірде халиф Сүлеймен ибн Абдулмәлик Мекке қаласына келіп, балаларымен бірге қажылық жасамақ болады. Кейбір рәсімдерге байланысты сауалдарға жауап табу керек болып, қажылық туралы жақсы білетін адамды іздей бастайды. Ондағылар Ата ибн Әби Рабахты нұсқайды. Атаның мешітте намаз оқып жатқандығын білгеннен кейін, балаларымен бірге сонда барады. Ата әдетінше намазын ұзақ оқиды. Аты әйгілі, дәрежесі жоғары, білімі де көп адамнан артық болған халиф Ата ибн Әби Рабахты ұзақ уақыт күтіп қалады.

Мүфти біраз уақыттан кейін намазын аяқтап, олардың сауалдарына жауап береді. Оның алдынан шыққан Сүлеймен ибн Абулмәлик балаларына қарап: «Ей, менің балаларым! Білім талап етуде ешқашан жалқаулық танытпаңдар! Расында, мен ешқашанда дәл бүгін осы қара құлдың алдында қорланғанымды ұмытпаймын!» деген екен. 

Иә, ол құл еді. Бірақ, оның білімі дәрежесін көтеріп қойды. Білім – адамның құлағы естіген, аузы айтқан ең жақсы сөз. Білім – ең жақсы мақсат, ал сол мақсатқа ұмтылушы жер бетін басқан адамдардың ардақтысы. Тіпті, ғұламалар пайғамбарлықтан кейін ең құрметті амал – білім талап ету деген екен. Білім адам баласының дәрежесін Қияметке дейін көтереді. Құранда бұл туралы: «Алла сендерден иман келтіргендердің және білім берілгендердің дәрежелерін көтереді» делінген. («Мужәдәлә» сүрес, 11-аят).

 

 

jannur kokebaevajannur kokebaeva
2 года назад 499
0 комментариев