Көңілді орнына түсіретін ең ұлы сөз
Көңілді орнына түсіретін ең ұлы сөз

"Бәрі уақытша "... Бұл сөз кез келген жан рахаты мен қайғы-қасіреттің желігін басып, сабыр мен төзімділікке жол ашады. Қамшының сабындай ғана шолақ ғұмыр бір күні соңына жетіп, көрер жарығымыз таусылады. Әзірге тіріміз. Өмірімізде орнап жатқан келеңсіздіктер мен жайсыздықтардың де бітетін кезі туады. Өйткені бәрі уақытша...

 

Далада құйып тұрған нөсердің бір уақытта толастарын біз жақсы білеміз. Қар жауса, белгілі бір мөлшеріне жеткенде ол да тоқтайды. Сол секілді адам өмірінде жүрегін жұлып түсетіндей қасірет те уақытында су сепкендей басылады. Әр атқан таңымыз батқан күнге барып жалғасады. Біз әр түн сайын таң ататынына сеніп, көз ілеміз. Ойлағанымыздай бүгін таңымыз атып, күніміз шығады. Бірақ бұл да уақытша...

 

Егер қазір жанымыз жайлылықты сезіп, басымызға бақ құсы қонғанын біліп жатсақ, осы сәттен рахат алайық. Қолымыздан келетін қуанышқа қуанайық, бақытқа белшемізден батайық. Өйткені адам өмірі тек ақ түсті жолақтан тұрмайды. Езуімізге күлкі сыйлаған сәт те, жүрегімізге жылулық сыйлаған күндер мен көңілімізге шаттық сыйлаған сағаттар да өте шығады. Айналып келуі мүмкін, бірақ міндетті түрде араға бір қайғы немесе жамандық салып келеді. Өйткені бәрі уақытша...

 

Қолымыздан келгенше біреуге бақыт сыйлауға тырысайық. Шамамыз келгенше жақындарымызға шаттық сыйлайық. Біреудің қуанғанынан ләззат алып, біреуге жәрдемдескенен рахат табайық. Өзіміздің ғана қу құлқынымызды ойламай, өзгелердің де жай-күйінен мән беріп, жүрегінің қалауын тыңдап көрейік. Неге? Себебі бәрі де уақытша...

 

Өмірімізде болып жатқан өзгерістерге етіміз үйренбей жатса, арыздана бермейік. Өйткені әркімнің өмірінде бір мұң, бір қайғы бар. Мына тағдыр тек сенің ғана жүрегіңе жара салып, тек сені ғана еңіретіп қоймайды. Тек сенің ғана наныңды тартып ап, тек сені ғана аш-жалаңаш қылмайды. Тек сенің ғана келбетіңнен әр алып, тек сенің ғана деніңнен саулықты тартып алмайды. Өз өміріңнен өзің қашып кеткің келетін кездер болады, бірақ бәрі уақытша ғой?...

 

Адам мына өмірдегі өз ғұмырының уақытша екенін түсінген сәтте ғана сабырға келіп, төзімділік танытады. Сондықтан ағы мен қарасы қатар өрілген бұл өмірде кез келген іске болаттай берік болып, уақыттың қадірін дұрыс түсіне білейік.

jannur kokebaevajannur kokebaeva
2 года назад 1165
3 комментария
  • "Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар", Шарх 6-7.
    2 года назад
  • Өз өміріңнен өзің қашып кеткің келетін кездер болады, бірақ бәрі уақытша ғой?...

    Бірақ қайда?
    Әрине Раббыңа, мұңыңды шағып, сабыр сақтап, тәуекел етіп ары қарай басыңды көтеріп кете бересің.
    2 года назад
  • Сабыр ете білу керек.
    2 года назад