Жабылмайтын жалғыз есік
Жабылмайтын жалғыз есік

Бұрынырақта өмір сүрген бір ханның әдемі бақшасы болса керек. Небір алуан түрлі хош иісті гүлдерге толы бұл бақшаға бір күні хан келіпті. Өйткені бақша күзетшісінің әйелі ажарлы екен. Келе сала бақша күзетшісін бір жұмысты сылтауратып жұмсап жіберіп, хан бірден оның әйеліне көзін қадап:

– Бар да бақшаның барлық есіктерін жауып кел. Бір де бір есік ашық қалмасын, – дейді. 

Алайда бақша күзетшісінің әйелі ажарлы ғана емес, ар-ұятты білетін өте ақылды да еді. Әйел бірден ханның жаман пиғылын сезеді. Есікті жаппақ болып кеткендей бір ағаштың артында сәл тұрып келгеннен кейін ханға қарап:

– Хан-еке! Есіктердің бәрін де жаптым, алайда бір есікті жабуға әлім келер емес. Қанша тырыссам да жаба алмадым, – депті. 

Хан:

– Ол қай есік? – деп сұрапты таңырқап. 

Сонда дәл осы ұрымтал тұсты күтіп тұрған әйел оған:

– Ол есік – Аллаһ тағаланың өз құлдарының не істеп, не қойып жатқандарын түгел көріп тұратын «Басир» (көруші) есігі еді, – депті ханды ойлантпақ ниетпен. 

Бұны естігенде төбесінен біреу қос қолдап тұрып бір қойғандай, есін жиып ала қойған хан дереу әйелден кешірім сұрап, Аллаһ тағаланың алдында тәубаға келіпті. Екінші рет ондай жаман ойға бармас үшін дереу Аллаһ тағаланың сүйікті құлдарының біреуінің қасына барып, имани ислами дәрістер ала бастапты. Көп өтпей-ақ әлгі хан Аллаһ тағаланың сүйікті құлдарының қатарына қосылса керек.

jannur kokebaevajannur kokebaeva
2 жыл бұрын 668
0 пікір